Кенесова Акбота Беймбетовна

5В011700  «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенті

01.09.2015 ж. - 27.11.2015 ж. мерзім аралығында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша үш ай көлемінде Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқып келдім. Екі оқу орнының арасындағы келісімшарт бойынша барған күні топ эдвайзері Панзабек Бағила Төлебекқызы күтіп алып, жатақханаға орналастырды. 1-қыркүйек күні Филология және әлем тілдері факультетінің деканы Алтынай Тынболованың қабылдауында болдым. Ол кісі университет тынысымен таныстырып, оқу жылына сәттілік тіледі. 

1қыркүйек – Білім күні мерекесі ҚазМемҚызПУ-да салтанатты түрде атап өтілді. Қыркүйек айының 10-шы жұлдызында Қыздар университеті шаңырағында тағдыр тәлкегіне мойымаған, керісінше күш-қуатын жиып, өмірді бар жан-тәнімен жақсы көретін жандардың бірі, бүгінде «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі болып жұмыс істейтін, «Мен өмірді сүйемін» атты қоғамдық қорының төрайымы, отбасы мерекесіне орай ұйымдастырылған байқаудың «Өнегелі ана-2015» номинациясының иегері Сүлейменова Меруерт Хадышқызының қатысуымен «Ұлағат» бастауыш партиясы мен «Қыз Жібек» клубының бірлесе отырып, отбасы күніне орай ұйымдастырылған «Отбас-өмір аясы» атты сыр-сұхбат кеші өтіп, кештің куәгері болдым.

19 қыркүйек күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қатысуымен Арулар ордасында бой көтерген үш бірдей нысан – 9 қабатты жатақхана, «Аққу» жүзу бассейні және «Ақ шатыр» жазғы ойын-сауық алаңының ресми тұсаукесер рәсімі өтті.

28 қазан күні Қыздар университетінде Абай Құнанбайұлының  170 жылдық мерейтойына арналған «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» атты қалалық ақындар айтысы өтті. Университет баспасының директоры, белгілі ақын Серік Қалиевтің «Абай десе, ағытам сөз тиегін!» атты ұлы ақынға арнау жыр шашуымен және  Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Алтынай Тынболованың алғы құттықтау сөзімен ашылды.

Ортаға салар ойы көп, өрісі кең, толғауы терең, бүгінгі жас ұрпаққа берері мол бұл жыр сайысына Қыздар университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және т.б. Алматы қаласы жоғарғы оқу орындарынан іріктелініп алынған кіл жүйріктер, сөз қадірін білетін, Абайды пір тұтқан жастар қатысты. Бұдан өзге де түрлі кештің куәгері болып, керемет әсерге бөлендім.

1семестр бойы «Абайтану», «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәндерін оқыдым. Бұл университетте әр студент пен мұғалімнің жеке паролі мен логині болады. Универ жүйесіне кіріп мұғалімдер бағаларын қойып, студенттер бағаларын көре алады. Маған да жеке логин мен пароль берілді. Әбдіқалық К., Жұмақаева Б, Ергожина Ш сынды білікті ұстаздардан дәріс алдым. 

Университет кітапханасының да кітап қоры өте мол. Бөлек ғимаратта орналасқан кітапхананың қызмет көрсетуі өте жоғары деңгейде. Университет ішінде «Қыз Жібек» қыздар клубы жұмыс жасайды. Негізгі мақсаты: қазіргі қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдар бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған біліммен ұштастыра білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін шынайы Қыз Жібек қалыптастыру және университет білім алушыларының сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер алатын текті қыздар ортасын құру.

   Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің құрылымында студенттерге арналған 6 жатақхана және бір Студенттер үйі бар. Жатақханалар сымсыз Wi-Fi желісімен қамтылған. Сонымен қатар «Ұлпан» асханасы жұмыс жасайды. Қоғамдық тамақтану мекемесінің тамақтанушылар құрамын мемлекеттік білім грантының иегерлері – студенттер құрайды. Студенттер күніне үш мезгіл тамақтана алады.

 Академиялық ұтқырлық бағдарламасын тиімді пайдаланып, осы университетте білім алғаныма қуанамын. Мықты ұстаздардан білім алып, еліміздің әр облысынан жаңа достар тауып, нағыз студенттік өмірді көрдім. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге көп мүмкіншілік береді.Мені 1 семестр бойы оқуға жіберген өз университетім мен оқуға қабылдап, керемет қарсы алған ҚазМемҚызПУ-ға алғысым шексіз. Екі университетке де жаңа жетістіктер тілеп, білімді, рухты студенттерінің көп болуына тілекшімін.