Зайнолла Айсұлу, Каирмуканбетова Салтанат, Көшкен Лариса

5В001190 - Шетел тілі:екі шет тілі мамандығының 3-курс студенттері

Калмыкия мемлекеттік университетінің іргетасы 1970 жылдан бастап қаланған.  Университет көптеген шет мемлекеттермен өте тығыз байланыста. Оған дәлел оқу орнында  Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан,  Қытай, Вьетнам, Африка елдерінен, Кореядан  келген студенттердің көптігі.  Бұл университеттің  осы уақыт аралығында жеткен  жетістігінің  нәтижесі. Оқу орны  жалпы алғанда 24 мамандық  даярлайтын 10 факультет негізінде құралған.  

Калмыкия мемлекеттік университетінің сабақ кестелері біздің университетпен салыстырғанда айырмашылығы бар. Сабақтың басталу уақыты 8:30. Әрбір сабақ 90 минутты құрайды. Дәріс кезінде студенттер өз баяндамаларын, презентацияларын, жобаларын қорғайды. Бір семестрде үш бақылау нүктесі бар. Әр бақылау нүктесінде оқытушылар студенттердің білімін қорытындылай келе, бағалайды.  

Университеттің тұрмыстық жағдайына келер болсақ,   заман талабына сай техникалық құралдармен жабдықталған. Қала сыртында студенттердің оқудан тыс уақытын тиімді өткізу үшін бірнеше биостанциялар жұмыс жасайды.  Бұл оқу орны  кітап қоры мол кітапханасымен, лабораторияларымен ерекшеленеді. Студенттердің білімге деген құштарлықтарын нығайтып қана қоймай, спортқа деген құлшыныстарын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынған. Соның дәлелі жастардың игілігіне арналған спортзалдардың уақытылы жұмыс жасауы.  Сонымен қатар,университет қарамағында  жөндеуден өткізілген 8 жатақхана, және қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан өзге де студенттер үйі бар. Барлық шетелдіктер мен  басқа аудандардан келген студенттер толықтай жатақханамен қамтылған. Әрбір жатақханада теннис ойнауға, туған күн кештерін жасауға, сабақ даярлауға арналған бөлмелері бар. 

Студенттер бос уақыттарын әрқалай өткізеді. Сабақтан тыс мезгілде  спортзалға барып, әр түрлі спорттық ойындар ойнайды. Университетте «Ше-телдік студенттер ассоцияциясы» құрылған. Олар  әр мереке сайын бірігіп, барлық жастардың басын қосып, қызықты, тағылымдық, тәрбиелік мәні зор шараларды ұйымдастыру ісімен айналысады.

Оқытушы мен студент арасындағы байланыс, білім берудегі ерекшелік – мұның барлығы жоғарғы деңгейде. Университетте көптеген ұлт өкілдері білім алғандықтан, олармен сұхбат жүргізіп,мәдениетімен ерекше танысып, біліміңді арттырасың. Сонымен қатар,  Африка елдерінен келген студенттермен араласа отырып, француз тілін дамыттық. Алдағы уақытта да Калмыкия мемлекеттік университетімен байланыс үзілмей,  академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттер бір-бірлерімен тәжірибе алмасып, байланысын одан әрі арттырады деген сенімдеміз.