ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Хасанов Ғ.Қ.

М. Өтемісов атындағы

Батыс Қазақстан мемлекеттік

университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

Орал, Қазақстан

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын оқығанда жақсы әсер алдым. Мұнда маған жағымды әсер еткені мақаланың қазақ тілінде жарық көруі еді. Жалпы президенттің осының алдында жариялаған «Ұлытаудағы сөз» және «Нұрлы жол» атты жолдауынан кейін маған ұнаған осы тарихи құжат. Елбасы өз сөзін ұлттық санадан бастайды, бұл тегін емес, себебі сырты қазақ, іші мәңгүрт адамнан не пайда, не қайыр? Ұлттық санасы жоқ адамнан ұлтқа деген бір әрекет күтудің өзі қиын екенін білуіміз керек. Елбасы былай дейді: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» [1]. Ұлттық санаға, ең алдымен, әсер ететін күш – ана тілі. Тілімізді реформалау ұлттық сананы жаңа деңгейге көтеретін қадам. Осыған байланысты ол саяси болғандықтан, елбасы бұл мәселені көтеріп, халық талқысына ұсынады. Елбасы өз мақаласында былай деп жазады: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» [1]. Латын әліпбиіне көшу мәселесінің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болғанымен, бұл мәселе төңірегінде дау мен талас-пікір көп. Академик Ә. Қайдари, профессорлар Ә.Жүнісбек, С. Мырзабек, А.Мектептегі, А.Фазылжанова т.т. көптеген тілші-ғалымдар тарапынан ғана емес, басқа да сала адамдарын толғандырып, қолдарына қалам алғызып, отырған көкейтесті мәселе – латын әліпбиі мәселесі.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін академик Ә. Қайдари алғаш рет осы мәселені қозғап, орыс жазуына негізделген қазақ жазуының әліпбиінен латын әліпбиіне көшу туралы жазған еді. Латыннан бұрын қазақ тілінің таңбалық жүйесін жасауды шетелдік ғалымдар кириллицадан бастағаны белгілі. «Қазақ жазуының теориялық негіздері» атты 2010 жылы жарық көрген зерттеуінде Қ. Күдеринова қазіргі кириллицаға негізделген әліпбидің жобалары ХІХ ғасырдың соңына қарай жасала бастағанын жазады. Ол былай деп жазады: «Орыс графикасына негізделген ең алғашқы қазақ әліпбиі жобасын Н.И. Ильминский жасады. Н.И. Ильминский әліпбиіндегі қазақ тілінің өзіне тән дыбыс дауыстылардың таңбалары мынадай болды: (үстіне ноқат салды – Ғ.Қ.Хасанов) а – (ә), о – (ө), у – (ү), і – (і), ы – (ы), н – (ң), к – (қ), г – (ғ). Сөйтіп, зерттеуші он шақты қосымша белгі алғанымен, орыс әліпбиіндегі е, в, и, ф, ц, х, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я таңбаларын (қазақ тілі дыбыстық құрамына тән емес дыбыс таңбаларын қолданбады» [2, 115]. Бұл әліпби В.В. Григорьев тарапынан сыналғанымен қазақ тілі дыбыстарын алғашқы әріптерге түсіру әрекеті еді. Оның алдында неміс ғалымы Г.Ю. фон Клапрот латын әріптерін қолдану арқылы қазақ дыбыстарын таңбалаған болатын. Оның 1825 жылы Парижде жарық көрген еңбегі «Қырғыз (қазақ) тілі» деп аталған еді. Неміс ғалым В.В. Радлов та өз еңбектерінде қазақ сөздерін кириллицамен таңбалаған еді.

Бүгінде тіліміздің сөйлеу жүйесін бұзып отырған орыс қаріптерін Н.И. Ильминскийдің қолданбауы қазақ дыбыстарының орыс дыбыстарынан мүлде бөлек екенін аңғаруында жатса керек. Қ. Күдеринова ол туралы: «Оқымысты тарапынан осындай сынға ұшырағанмен Н.И. Ильминскийдің орыс графикасымен берген қазақ әліпбиінің қазақ тілі дыбыстар жүйесін белгілеуде артықшылығы бар», – деп жазады [2,116 ]. Бұндағы артықшылықты ол Н.И. Ильминскийдің е дыбысының жуан, жіңішке вариантарын таңбалаудан көреді. Сонымен бірге, біздіңше, тағы бір артықшылық артық орыс әріптерін қазақ әліпбиіне енгізбеуінде деп білеміз. Әліпби өзгерген сайын орфографиялық нормалар да өзгереді, ал орфоэпиялық нормалар өзгеріске түсе бермейді. Алайда әріпке сүйене сөйлеу етек алған кезде тілдің басты өзегі болатын орфоэпиялық нормаларға да қауіп төнетінін бүгінгі күннің өзгерісі көрсетіп отыр.

Ал мың жылға жуық араб жазуында болған қазақ тілінің орфоэпиялық нормалары да соған байланысты өзгеріске ұшырағаны анық. Алайда бұл өзгеріс араб-парсы сөздерін сол тілдердің айту нормаларына байланысты дыбыстаудан туғаны анық. Оған дәлел, Абайдың өлеңдері мен қарасөздеріндегі араб-парсы сөздерінің дыбысталуын алсақ та жеткілікті.

Ал А. Байтұрсынов түзеген араб әліпбиі сол кезде жоғары бағаға ие болғаны жасырын емес. Мәселен, 1924 жылы Ташкент Ортаазия университеті бюллетенінде Е.Д. Поливанов «енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда, кемелденген, жетілген ұлттық графика» деп бағалайды [2,185].

Мақала шыққаннан соң да Әзімбай Ғали былай деп жазған еді: «Қазақша документ айналымы азаяды. Себебі латын әрпінде жазылған құжатты түсіну қиын болады. Орысшасын оқитын боламыз. Ол қазақ тілін шегіндіреді. Біздің түпкі мақсатымыз қазақты қазақтандыру еді, кирилл әрпін бәрі біліп тұрғанда, қазақтандыру мүмкіншілігі көбірек еді. Енді орыс тілді қазақты латын әрпі арқылы қазақшаға үйрету қиындау тиер. Бізге латын жазуы емес тиянақты мемлекеттік тіл саясаты керек. Егер де, жазу ауыстырсақ, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру мүмкін болмас. Себебі, көп қазақ латын жазуын игергенше тағы уақыт керек болады» [3].

Қазір қарап тұрсақ, алаш зиялыларының өзін екіге бөлген осы мәселе біздің де басымызға тағы да орнағаны анық. 2013 жылы сәуір айында М. Шаханов, Қ. Жұмаділов, М. Құлкенов т.б. көптеген зиялылар, 100-ге тарта адам қол қоған, еліміздің президентіне мен премьер-министріне жолдаған ашық хатында қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің қиындығы мен мүмкін еместігі туралы ашық хат жолдады. Онда былай делінген: «Латын қарпіне «Мемлекеттік тіл» деген аты бар да заты жоқ жалғыз қазақ тілі ғана көшпек. Бұл еліміздің бірлігіне, тұтастығына нұқсан келтірмей ме? Ендеше осы істе жолымызды екі үлкен мәселе кес-кестеп тұр.

Бірінші мәселе – мынау. Осы күнге дейін Республикамызда еліміздің ежелгі, кейінгі тарихына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына байланысты және ғылымымызды, әдебиетімізді, салт-санамызды әспеттейтін миллиондаған атпен кітаптар, ғылыми еңбектер басылды. Латын әліпбиіне көшкен жас бүлдіршіндеріміз кириллицада басылған баба тарихымыздан, рухани парасатымыздан қол үзіп қалатыны айдан анық. Латыншаға ауысқан Өзбекстан мен Әзірбайжан республикаларының қаншама ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері бізге осы мәселе төңірегінде өз өтініштерін білдіргені жадымызда. Мәселен, Өзбекстанда, кириллица дәуірінде жарты миллион данамен, немесе, 300, 200, 100 мыңмен шығып тұрған газеттер 5 мың, 3 мың, тіпті мың данаға дейін құлдыраған. Бұл ғасыр компьютер ғасыры болғанымен, күні бүгінге дейін жарық көрген кітаптардың 20, тіпті 10 пайызын латын әліпбиіне аударуға миллиардтаған қаржы қажет. Басқа шараларды жиып қойғанның өзінде, үкімет соңғы жылдары мектеп оқулықтарын жеткілікті түрде басуға қаржы таппай жатқанда, қарын мүддесі ғана алға шығып, онсыз да қауқарсызданған рухани парасатымызды мүлде тұқыртып алатынымыз ешкімге құпия сыр емес». [4, 5].

Ашық хат авторларының басты уәждері мынадай: «Латын әліпбиіне Түркия 1928 жылы көшкен. Егеменді ел атанғаннан кейін Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан республикалары латын қарпіне ауысты. Осы қатарға туысқан ел болғандықтан біздің де қосылуымыздың еш сөкеттігі жоқ. Бірақ, бұл жерде жұрттың бәрі терең түрде аңғара бермейтін мынадай бір үлкен проблема бұғып жатыр. Алдымен, Өзбекстандағы жағдайға үңілейік. Бұл мемлекетте тұратын басқа ұлт өкілдері, тіпті орыстар да өзбек тілінде сөйлейді. Өзбек тілі мемлекеттік тіл ретінде үлкен беделге ие болса, бізде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бейшара халде. Ғаламторда болсын, баспасөзде болсын, қазақ тілінің мүдделеріне ашық түрде қарсы шығып жүрген басқ ұлт өкілдері емес, өз ішімізден шыққан шала қазақтарымыз. Кириллицада тұрғанда олардың ана тілін үйренуге құлқы соқпағанда, латын әліпбиіне көшкенде ұлттық сезімі оянады деп ойлау мүлде қате түсінік. Тіпті, билік басындағылар «қазақ тілі республикамыздағы басқа тілдерді басып кетпеуі керек» деген пікірді де алға шығарды. Онда оның несі мемлекеттік тіл? Жоғарыда айттық, «бүгінгі таңда қазақтардың 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды» деп. Ең бастысы, өзбек халқы біздер сияқты «ана тілін меңгерген қазақтар» немесе ана тілін менсінбейтін «космополит қазақтар» болып екіге бөлінген жоқ. Олардың бізден артықшылығы да осында. Әліпби негізінде қазақтарды екіге бөлу қылмысқа барабар іс» деп ойларын сабақтайды [4, 5].

А. Айталы сол «Жалын» жорналында жарық көрген «Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде, латын әліпбиіне сұраныс бола ма?» атты мақаласында латын қарпіне көшпеуге көптеген дәлелдер келтіреді. Тұтасымен келтіруге тырысалық: «Қазақстан ғалымдары латын әліпбиіне көшкен Түркия, Азербайжан және Өзбекстанның ащы сабақтарын жасырмай алға тартып жатыр. Оларды жинақтасақ мыналар:

1. Күні бүгінге латын әліпбиіне 1928 ж. көшкенмен, әлі де түрік тілінің дыбыстық қорындағы бірқатар дыбыстарда таңбалайтын әріптер әліпби жүйесіне енбей қалған. Өзбектерде де ондай мәселе бар.

2. Әзірбайжан, өзбектерді айтпағанда, түріктер сан ғасырлық араб графикаларына негізделген рухани мұраларын пайдалана алмай отыр.

3. Балалар әдебиеті тапшы.

4. Ғылыми әдебиет кирилл графикасында жазылған.

5. Мұғалімдер дайындау мәселесі өз алдына үлкен проблема.

6. Жекеменшік мекемелер іс-қағаздарын латын әліпбиіне көшіруге асықпайтын сияқты көрінеді.

7. Орыс мектептерінде, мысалы, Өзбекстанда, кирилл жазуымен білім береді.

Өзбекстанда латын әліпбиінде оқитындар азайған соң, ұлттық баспасөзге де сұраныс азайған. Ол, әсіресе, орта жастағылар мен үлкендер арасында.
Түрік ұлты болса, бодан емес, билеуші, отарлаушы ұлт болған, олардың психологиясы бөлек, ана тілі бәріне ортақ. Азербайджандықтар мен өзбектер де ана тілдерін толық меңгерген ұлттар.
Қазақстандағы жағдай өзгеше. 2009 жылы халық санағы бойынша қазақтардың 98,3 пайызы ауызекі тілді түсінеді, 95,4 пайызы еркін оқиды, 93,2 пайызы еркін жазады деп көрсеткен. Өз басым осы деректерге сенбеймін. Марк Твен айтқандай, өтіріктің үш түрі бар: «жай өтірік, арсыз өтірік және статистика» - деп. Бұл арада этнопсихологиялық факторлрды ескеру жөн» деп жазады [5,9].

Ғалымның келтірген дәлелдерінің бәрі орынды. Ғалымның ойын әрі қарай оқиық: «Кирилл әліпбиімен де отаршылдық саясатты байланыстырудың қисыны бар. 1910 жылы 13-26 маусымда Қазан қаласында өткен миссионерлердің сьезінде орыстар: «Алфавит служит целям государственного обьеденения» деп ашық айтқан. Барлық бодан халықтарды бір тілде, орыс тіліне, бір дінге, бір әліпбиге ауыстыру ХХ ғасырдың басында ойластырылған саясат. Енді бүгін сол саясаттың қасіретін шегіп отырған ұлттың бірі – біз, қазақтар. Бір кезде қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берсек, ол тілді ана тілі болғандықтан қазақтар өзінен-өзі меңгеріп кетеді деп есептедік. Дегенмен олай болмады. Бүгін латын алфавитіне көшсек, тілді меңгермегендер біліп кетеді деу өзімізді өзіміз алдау болар.

Біріншіден, қазақ тілінің болашағына сенбейтін қазақтар оқулықтары, ғылыми әдебиеттер дайындығы мол мұғалімдері бар орыс мектептеріне балаларын беріп жатса, оған ешкімнің қарсылық жасауы мүмкін емес.

Екіншіден, елімізде қаптаған орыс тілді кирилл әлібиіндегі бұқаралық ақпарат құралдарын қазақтардың басым көпшілігі бүгін пайдаланады және пайдалана береді. Бұл айналып келгенде тіл, мәдениет жағынан бөлінген қазақтардың жігін онан әрі тереңдетеді.

Үшіншіден, әліпби алмасуы қаншалықты Қазақстан қоғамының басын біріктіреді деген сауал туады. «Халық талабы» «қалауы» деген уәждер толықтай қазақстандықтардың көңіл-күй талабын білдірмесе керек. Сондықтан әліпби ауыстыру ұлтішілік ғана емес, ұлтаралық жікті одан әрі тереңдетеді, әлеуметтік-саяси қайшылықтар туғызады.

Төртіншіден, ең үлкен мәселе кирилл әліпбиі тұсындағы маңызды мәдени мұрамыздың тағдыры не болмақ? Ол мұраның қазақ халқының тарихында теңдесі жоқ, орны бөлек. Кирилл әліпбиі негізінде көне мәдени мұра, ауыз әдебиеті, ғылыми еңбектер, көркем әдебиет, оқулықтар жазылды. Араб графикасынан латын графикасына, латын графикасынан кирилл әліпбиіне көшкен тұста қоғамның басым көпшілігі сауатсыз еді, сондықтан ол рефермолар қоғамның біршама бөлігіне және мәдени мұрамыздың да салыстырмалы қарағанда шағын бөлігіне қатысты болды. Бүгін енді халықар түгелдей сол мәдени мұрадан айырылып қалу қаупі бар. Оны түсіну үшін Ұлттық кітапханадағы қазақ тіліндегі каталогтарға көз жіберейік.

Бесіншіден, жаһандану, американдану, орыстану үрдістері үлкен қарқынмен жүріп, мәдени экспансия бүгін онсызда қазақ мәдениетіне қауіп төнгізіп тұрғанда, ұлттық тұғырымыз, тіліміз бен мәдениетімізден әліпби ауысқан тұста басқа тілге, мәдениетке өту қатері бар. Отаршылдықтың бір түрінен қашып, екінші отаршылдықтың құшағына енбейміз бе?

Бүгін латын әліпбиіне көшу интернетпен байланыстырады. Латын емес, басқа графикада интернет дамып жатырған жоқ па?

Сонымен, латын әліпбиіне көшуді біз көбіне көп фонетикалық мәселелермен байланыстырып, мәдени, әлеуметтік-саяси мәселелерге мән бермей жатырмыз [5,10].

Дәлелдердің бәрі дұрыс деп отыра бергеніміз дұрыс па? Ақша жоқ, қазақ екіге бөлінеді, қазақ баспасөзі құлдырайды десек, осы «таз қалпымызда» қалмаймыз ба? Өсіп келе жатқан жас ұрпақ осы зиялы қауымның жасына жеткенде қабылдаймыз ба? Кеш қалмаймыз ба?

Біз қазақтың екіге жарылуын ХХ ғасырдың басында көргенбіз. Алаш партиясы билікке келгенде тек екі дау болған. Елді кім басқарады және әліпби қандай болады? 1822 жылы Сперанский реформасынан бастап қазақта хандық билік жойылды. Патша отаршылдары, ең бірінші, ханды жоюды мақсат етті, ал, екінші, кирил жазуы арқылы қазақты шоқындырып, жұтып жібергісі келді. Татар, башқұрт, ноғай, қарашай, хақас, саха, тува т.т. ұлттардың басындағы қазіргі жағдай сол саясаттың жемісі. Ал алаш зиялыларының басты мақсаты қалай болғанда да кириллицаға жақындамау болатын. Елді кім басқарады деген мәселе туындағанда баламалы сайлауға басқа оқығандарды қатыстырмай, тек Әлихан Бөкейханов бастаған үш төре тұқымын сайлауға салғанын тарихтан білеміз. 1822 жойылған хандық билікті алаш көрегендері 100 жылдан 1917 жылы қайтадан қазаққа алып келді. Екінші, мәселе: латын не араб графикасы. Алаш зиялыларының өздері әліпби мәселесінде екіге жарылып, бірі латын, бірі араб жазуын қолдағаны тарихтан белгілі. Сол кезде Ахаң латын әліпбиі туралы былай дейді: «Қазіргі қазақ әліппесінен артық әліппеміз тұрғанда, босқа латыншыл болудың қажеті не? Латынның керегі жоқ... Латынды ауызға алу еріккендік... Латынды орыс алмағанда біз неге аламыз? Әріпке қызығып, бүіл мәдениетімізден айырылып қаламыз ба? (ЕҚ., 1924, 2 шілде)» [6,185].

1926 жылы наурыздың басында Бакуде өткен 1 Бүкілодақтық түркологиялық сиезде А.Байтұрсынов, Е.Омаров, Б.Сүлеев, Ә.Байсейітов, әзербайжан, татар ғалымдары Алпарұлы мен Ә.Шараф араб әліпбиін қолдады. Қорытындысында араб жазуын қолдағандар 7 дауыс, латын 101 дауыс болғаны белгілі.

Ал елімізде 1927 жылы әуелі Ташкентте, сосын Қызылордада өткен конференцияларда араб графикасын жақтағандар: А. Байтұрсынов, І. Ахметов, Е. Омаров, Ә. Байтасов, ал Ә.Байділдаұлы, Т.Шонанұлы, Ә.Ермеков тағы басқа оқығандар латын әліпбиін қолдады. Араб жазуын қолдағандар мынадай дәлелдер келтірді:

«1) Араб әліпбиі қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бере алады;

2) араб әліпбиі оқуға, жазуға, сауат ашуға қолайлы;

3) өнер құралдарына орнатуға қолайлы;

4) көзге көркем көрінеді;

5) араб әрпімен жазғанда қол сағат тілінің бағытымен бірдей оңнан солға қарай жүреді;

6) жазу машинасына, баспа машиналарына орнатуға араб әліпбиінің жаңасы латындікінен анағұрлым артық» [6,189].

Ал, олардың қарсыластары «араб әрпі сауат ашуға, оқуға, жазуға қиын, себебі:

1) бір әріптің 4 түрі бар;

2) араб әрпінің көбі бір түсті; бас әріп жоқ;

3) жазу оңнан солға қарай, ал цифрлар солдан оңға қарай жазылады. Бұл жазуда да, баспа жұмысында да қиыншылық тудырады;

4) ғылыми кітаптарда (алгебра, геометрия, физика т.б.) пән белгілері латын әрпімен жазылды, араб әрпі бұған жарамайды;

5) араб әрпі нотаны жазуға жарамайды;

6) араб әрпі баспахана жұмысында көп қиыншылық туғызады: теру, басу, жөнінде қымбатқа түседі» [6,189]. Міне, осы айқастан соң туатын қорытынды алаш зияларының басты мақсаты орыс жазуына жоламау болатын. Екі жақтың да ұстанған ұстанымдары қалай болса да кириллицаға көшпеу болатын. Екі әліпбиді ұстанған екі тараптың басты ұстанымы фонетикалық принципті орфографияға негіздеу болатын.

Мәселен, Ж. Аймауытов «Емлені өзгертуге жоба» деген мақаласында: «...Емлені өзгерту керек дегендегі көзде тұтатұн бас нысанам – сөзді грамматике заңына тірей бермей, қалай естілсе, солай жазу, емле ережелерін азайту, яғни жоғалту», – деп жазған болатын [6,186]. Ал А.Байтұрсынов та араб жазуына негізделген әліпбиді ұсынғанда фонетикалық ұстанымды мақұл көрді. Ол: «Хасыл кәләм ойым: сөз жазылу керек айтылатұғын түрінше, яғни сөз ішінде қай дыбыс естілсе, сол дыбыстың әрпін жазу, естілген дыбыстың әріпі жазылмай басқа әріп жазу керек болса, не үшін ол керекті ғылым наху не сарф жолыменен ыспат етілсін», – дейді [7,382 б.]. Ол өзінің 24 әріптен тұратын әліпбиін осы ұстаным бойынша түзеген болатын. Латын әліпбиін қолдамаса да осы ұстанымды негіз етіп Х. Досмұхамедұлы латын әліпбиінің жобасын жасағаны белгілі. 1926 жылы Баку сиезінде көпшілік дауыспен (101 дауыс, арабқа 7 дауыс) латын әліпбиі қабылданғанымен қазақ тілін бұл әліпбиге көшіру оңай болмады. Бұндағы қайшылық фонетикалық немесе морфологиялық ұстанымның қайсысы қолайлы болады деген күрделі сұрақтан туды. Латын әліпбиі жобасын Н. Төреқұлов 28 әріп бойынша әзірледі. 1929 жылы Қызылордада Т. Шонанұлы, Е. Омаров, Қ. Кемеңгеров, Қ. Жұбанов, Е.Д. Поливанов т.б. қызу талқылаған конференцияда бұл әліпби жетілдірілді.

Бұл тәжірибе нені көрсетеді? Бір сөбен айтқанда кирилды қолдайтындар орыс отаршылдарының саясатын сол күйінде қолдап отырғандарын өздері сезіп отырған жоқ. Олар – сол саясаттың жемісі. Жазу бойынша сөйлене бастаған, бұзылған тіліміз одан әрі бұзыла бермей ме? ХХ ғасырдың басында жүрөк сөзі бүгінде жүрекке айналды. Құлұн, тұлұм, жұлұн сөздері құлын, тұлым, жұлын болып жазылғасын, келешекте ерін үндестігін бұзып, құлын, жұлын деп қазақ сөйлей бастаса кімді кінәлаймыз? Әлі күнге дейін, өмір бойы дауыссыз болып келген и, у дыбыстары мектепте біресе дауысты, біресе дауысты болып оқытылуда. Қай ғылымнан біресе деген сөзді көрдіңіз? Екіге екі қосқанда біресе үш, біресе төрт болады десек, математика қалай ғылым болады?

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшкенде өз тілдерін кириллица бойынша жазып жүрген өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйренуде қиындық тууы мүмкін деп уәж айтушылар болатыны сөзсіз. Алайда, соңғы 15 жылда кириллицадағы мемлекеттік тілді меңгеруге құлықсыз болғандар сол күйінде тілді меңгергісі келмейтіні айдан анық емес пе?

Қазан революциясынан кейін де қазақ екіге бөлінген. Бірі елде қалған, аш-жалаңаш, қорлықта, екіншісі шетелге қашқан, яғни қорлықтан қорлыққа. Екеуінің де тілі бұзылды. Бұл – дерек. Қазақ айтқандай, «елу жылда – ел жаңа, қырық жылда – қазан жаңа». Латынға көшу керек және Ә. Жүнісбек айтқандай сауат ашып көшу керек.

Ә. Жүнісбектің Қазақ латын әліпбиінің «Ұлттық жобасы»


кирил

латын

аталуы

кирил

латын

аталуы

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

А а

Ә ә

Б б

Ғ ғ(-Г г)

Д д

Е е

Ж ж

З з

Й й

Қ қ(-К к)

Л л

М м

Н н

A a

Ä ä

B b

Ğ ğ(-G g)

D d

E e

J j

Z z

Y y

Q q(-K k)

L l

M m

N n

а

ә

бы

ғы(-гі)

ды

е

жы

зы

ый

қы(-кі)

ыл

мы

ны

14

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

Ң ң

О о

Ө ө

П п

Р р

С с

Т т

У у

Ұ ұ

Ү ү

Ш ш

Ы ы

І і

Ň ň

O o

Ö ö

P p

R r

S s

T t

W w

U u

Ü ü

Š š

І ɪ

İ і

ың

о

ө

пы

ыр

сы

ты

ұу

ұ

ү

шы

ы

і

Бұл үдеріс – саяси реформа. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар, Елбасы өз мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру қажеттігін айтып өтті. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бұл жобаларды сараптап, ең дұрыс деген баламасын ұсынуға дайын деп те ойлаймыз. Ә. Жүнісбек бастаған ғалымдардың қазақ тілінің үндестік заңдарына сай әзірлеген латын әліпбиі жобасын қолдаймын.

Әдебиеттер:

1. Н. Назарбаев. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру». Egemen.kz

2. Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010.

3. Әзімбай Ғали. http://qazaqtimes.com/article/8505.

4. Латын әліпбиіне көшуге қарсымыз. «Жалын» журналы, №3, 2013.

5. Айталы А. Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде, латын әліпбиіне сұраныс бола ма? «Жалын» журналы, №3, 2013.

6. Әбілқасымов Б., Мәжітаева Ш. ХХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі. – Астана: Елорда. – 2000.

7. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992.

Резюме

В статье рассматривается особенности перевода казахской графики на латыницу.