Қалдыбай Нұрсұлтан, Сыдықов Мейрамбек

5В020500 – Филология: қазақ тілі мамандығының 3-курс студенттері

 

2015-16 оқу жылының бірінші семестрінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түрік еліне барып білім алуға мүмкіндік туды. 

Бірінші қазан күні таңертең Ардахан қаласының әкімдігіне барып, тіркеліп,  университетке барып оқытушылармен таныстық. Жалпы Ардаханға тезірек үйреніп, сіңісіп кетуге тырысып бақтық.

Ардахан университеті 2008 жылы негізі қаланған жаңа оқу орыны екен. Негізі үш ғимараттан тұрады: біріншісі әкімшілік ғимарат, екінші гуманитарлық ғылымдар және экономика факультеті, үшінші ректорлық және қосымша спорт сарайы тағы бар. Студенттердің сабақтары кредиттік жүйемен жүргізіледі. Білім деңгейі балдық негізде есептеліп, екі қортынды емтихан арқылы қорытындыланады. Университеттің сәні мен сымбаты келіскен. Ардахан қаласынан он бес-жиырма минуттық жерде, таудың етегінде орналасқан. Университеттің айналасы қарағай мен шыршадан құралған керемет орман. Айнала қоршап бүк түсіп жатқан биік тауларға қараудан көз талмайды. Осындай керемет университетке келгенімізге біз де қуанып, бір марқайып қалдық. 

tursiya 1 tursiya 2 tursiya 3 tursiya 4 tursiya 5

Алғашында олардың сөйлеу мәнеріне, жүріс-тұрыс мәдениетіне үйрене алмай жүрдік. Түрік тілін өз университетімізде басты деңгейде үйренгенімізбен, алғашқы апталарда қиындау болды. Ардахан университетіне қызметке келген қазақ ұстазымыз профессор Аябек Байниязов атты Түркістандық ағамызбен таныстық. 

Шет елден келген студенттер лирикалық бағыттағы кеш ұйымдастыратын болды. Сол кеште «ана тілдеріңде өнер көрсете аласыңдар ма» деген ұсыныс түсті. Біздің де күткеніміз осы еді, қуана келісе кеттік. Үш күн дайындықтын кейін, екеуміз Ардахан университетінің сахнасынан бір-ақ шықтық. Нұрсұлтан бауырым «Магнитолла» атты әнді гитараның сүйемелдеуінде тамаша орындап шығып, халықтың қошеметіне бөленді. Мен, Қалқаман Сарин ағамыздың «Түнгі сағыныш» атты керемет туындысын нақышына келтіріп оқыдым. Алғашқы қатысқан шарамыз өз деңгейінде өтті.Осы кештен кейін қазақтың лирикасы керемет, тамаша екен деген сөздер айтылып, студенттер арасында тарай бастады. 

Біздің осындай Түркияда семестрлік білім алу мүмкіндігімізге қол жеткізуге жағдай туғызған университетімізге және университет ректоры Иманғалиев Асхат Сәлімұлына үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ біздің Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қаазақстан мемлекеттік университетімен, Түркия Республикасының Ардахан университеті арасындағы халықаралық «Мевлана» бағдарламасы бойынша келісім шарттың жүзеге асыуына көмек еткен қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, магистрі, ұстазымыз Ахатова Нұрсәуле Кәкімжанқызына үлкен алғысымызды  білдіреміз.

Уақыт деген жүйрікке жеткен жан жоқ шығар, барған кезде өтпейтіндей көрінген төрт ай, зыр ете түскенде өзіміз де таңырқап қалдық. Сонау Түрік елінің солтүстігінде орналасқан Ардахан деген қаланың заңғар жартастарында қазақ балаларының ізі қалғанына қатты қуанамын. Бәрін былай қойғанда жолдың жүгі емес, елдің жүгін көтеріп барғасын, бізге де оңайға түскен жоқ. Барынша қазақты биік етіп, кешегі бабалардан қалған қайсарлықты, батырлықты, мықтылықты, тектілікті көрсетуге тырыстық. Елдің атын арқалаған сол айлардың сырғып кеткенін байқамай да қалыппыз. Шетте жүргенде, туған жерден жырақта болғанда ғана, туған топырақтың, туған шаңырақтың, қасиетін шын ұғынады екенсің. Менің ұққаным мынау әлемде, жер бетінде, қазақтан асқан рухты, батыл, қаны таза, дініне берік, салты сақталған, қаймағы бұзылмаған, қыздары қылықты, ұлдары ұлықты, үлкенін құрметтеген қасиетті ұлт жоқ екен! Алдағы жылдарда да осындай берері мол игі мүмкіндіктер жалғасын тапса екен деген үлкен ниетіміз бар!

 

МӘЛІМЕТТЕР ҚОРЫ

Frontpage Slideshow | Copyright © 2006-2012 JoomlaWorks Ltd.

ВИРТУАЛДЫ ТУР

БАЙЛАНЫСТА БОЛ