Калменов М.Д.

khmedenova

 

Қалменов Мұрат Дабылұлы – тарих ғылымдарының кандидаты.

 

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Археология, антропология және этнология зертханасының ғылыми қызметкері, Тарих, экономика және құқық факультеті, Қазақстан Республикасының тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қалменов Мұрат Дабылұлы республика ғылымына өзіндік үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі. 25 жылдан астам еліміздің тарихы мен мәдениетіне, ғылымы мен ағарту саласына лайықты үлес қосып келе жатқан білікті маман, білгір зерттеуші, ұстаз Мұрат Дабылұлының қаламынан 50-ден астам ғылыми мақалалар мен таным-тағлымдық мән-маңызы зор еңбектер, 3 монография жарық көрді.

2003-2018 жж. М.Д.Қалменов археолог ретінде көптеген қазба жұмыстарына қатысып кәсіби біліктілігін арттырды. Олардың біршамасын айта кетсек – қарақалпақ-австралия экспедициясы құрамында ежелгі Хорезм оазисіндегі – Қазахлы Ятқан антик заманы қалашығында (USCAP жобасы шеңберінде); қарақалпақ-француз экспедициясы құрамында Қырантау қала ортағасырлық кешенінде (IFEAC жобасы шеңберінде); Алтын Орда кезеңінің ескерткіші – Миздақхан (Мазлұмхан сұлу) қалашығында; Үстірт жазығы мен Маңғыстау (Маңғышлақ) түбегінің тарихи-мәдени мұралары – соңғы тас заманының – Қосқұдық қонысында; қола дәуіріне тиісті – Үлкенқұдық кешенінде; ерте темір кезеңінің – Түбежік, Меретсай, Тоқмақ, Миялы, Сегізсай-Лебедевка жерлеу орындарында; ортағасырлық қала мәдениетіне тиісті – Қызылқала, Кетікқала, Сарайшық, Жайық, Жалпақтал, Ақтөбе-Лаэти қалашықтарында; ортағасырлық жерлеу кешендері – Сор Айдын, Жалпақтал, Қаруылкүмбет ескерткіштерінде; Алтын Орда кезеңінің керуен-сарайлары – Қосқұдық, Көптам; Сұлтан-епе, Шақпақ ата жер асты мешіттерінде және т.б.

М.Д.Қалменовтың белсенді ұйымдастыру жұмыстары арқасында 2016 ж. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне Қазақстан Республикасы шеңберінде тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізуге №16008582 Мемлекеттік Лицензиясы берілді. Осы рұхсатнама аясында 2016 ж. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 5В011400, 5В020300 «Тарих» мамандығы студенттері, М.Д.Қалменовтың басшылығында 1990 жылдан кейін алғашқы рет, өз алдына археологиялық сараман жұмыстарына қатысты.

М.Д.Қалменовтың жылдар бойы жинаған бай тәжірибесі, өңіріміздің жергілікті студенттері арасынан археолог мамандарын тәрбиелеп шығуына қазірдің өзінде ұйтқы болып отыр.

М.Д.Қалменов археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижелерімен бірнеше ірі халықаралық ғылыми конференцияларға – «Археология Восточно-Европейской степи» (Саратов, 2013); «IV (ХХ) Всероссийский Археологический Съезд» (Казань, 2014); «Маргулановские чтения - 2014, посвященной 110-летию академика А.Х.Маргулана», (Павлодар, 2014); «Этнические взаимодействия на Южном Урале», (Челябинск, 2015); «Конгресс Исламской Археологии» (Казань, 2016) және т.б. өз баяндамаларымен белсенді қатысқан облысымыздағы бірден-бір археолог-ғалым.

2016 жылы студенттерге археология ілімінің әдістемесін терең оқыту мақсатында «Методика полевых археологических раскопок», ал, 2017 жылы «Экспериментальная археология» атты әдістемелік оқу құралдары М.Д.Қалменов авторлығында баспадан шықты.

М.Д.Қалменов 2012 жылы Орал қаласында ұйымдастырылған «Средневековая городская культура и кочевая цивилизация бассейна реки Урал» атты Халықаралық ғылыми конференциясының қатысушыларына Жайық қалашығында дала семинарын жүргізіп, еліміздің және шет елдердің ғалымдарына біздің өңірімізде, соның ішінде Орал қаласына тікелей байланысы бар, қала мәдениеті XIII-XIV ғғ. қалыптасқандығын археологиялық нысандар негізінде дәлелдеп берді.

М.Д.Қалменов 2013 жылы 22 қарашада Татарстан Республикасы Ғылыми Академиясының Ш.Марджани атындағы Тарих институтында «Археологические памятники Устюрта и Мангистау расположенные на средневековых караванных путях (Х-ХІV вв.)» (шифр 07.00.06 – Археология) тақырыбында кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шықты.

Қазіргі таңда М.Д.Қалменов Батыс Қазақстан өңірінде кандидаттык диссертациясын археология саласында табысты қорғаған бірден-бір ғалым маман болып табылады.

Жаңа археологиялық ашылулар және олардың өзекті мәселелері туралы еңбектері үшін М.Д.Қалменов 2008 жылы жарық көрген «Маңғыстау энциклопедиясына» енгізілді.

Ортағасырлық Жайық қалашығындағы археологиялық жұмыстарға басшылық етіп, оны насихаттау еңбектері үшін 2014 жылы БҚО Әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

2018 жылы Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі тарапынан білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін «Алғыс хатпен» марапатталды.

 

 

Сұрақ қою

МӘЛІМЕТТЕР ҚОРЫ

Frontpage Slideshow | Copyright © 2006-2012 JoomlaWorks Ltd.

ВИРТУАЛДЫ ТУР

БАЙЛАНЫСТА БОЛ