ЛАТЫН ƏЛІПБИІНЕ КӨШУ – еліміздің рухани өміріндегі елеулі қадам

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты

бағдарламалық мақаласының жарық көруі – еліміздің саяси өміріндегі елеулі оқиға. Рухани сілкініс тұрғысында

қабылданған бағдарламалық маңызды құжатта салмақты елдік мəселелер көтерілді. Солардың бірі – таяу жылдардағы

міндеттер сапында аталған қазақ тілін біртіндеп латын əліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау мəселесі. Бұл ұлттық

мəселе бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси

бағыты» атты ҚР Президенті Н.Ə.Назарбаевтың 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан

бастап əліпбиімізді латын қарпіне, латын əліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті

мəселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім

қабылдауға тиіспіз жəне бұл əлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік

игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады»,- делінген - ді.

Əліпби ауыстыру мəселесі – аса күрделі тірлік. Елді

бірқыдыру дүрліктірмей де қоймайды. Əжептəуір ауқымды шара

болғандықтан да, оның жақтаушылары да, қарсыластары да

болары сөзсіз. Оған таңғалуға, таңдай қағуға болмайды. Бəрі

түсінікке , ұғымға байланысты. Тек бұл істе əрбір қазақ азаматы

білек сыбанған іс - əрекет үстінде көрінуі тиіс. Сонда ғана бізде

уақыттан кешеуілдеу, кеш қалу, кейін бармақ тістеу, ұлы көшке

ілесе алмай ілбу болмасы анық.

Алғашқы кезекте айтарымыз, қазіргі дəуір тəжірибесі əле-

ми ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде латын жазуын

таниды. Ал əлеми ақпарат кеңістігіне ретін тауып өте алмай

қалған елдердің даму қарқыны бəсең болары анық. Бүгінгі таңдағы

қытай мен жапондар да əліпби таңбалары бөлекше болғанымен,

ғылыми - өндірістік үрдісін латын негізінде дамытуда.

Əліпбиді ауыстырудың астарында саяси - əлеуметтік те

мəн бар. Жасыратыны жоқ, орыс жазуынан қашу – көрші Ресей

империясының сан ғасырларға созылған «ағалық» ықпалынан

құтылудың, құлдық санадан айығудың бір амалы. Қазақы көпшілік

қауым мұны дұрыс түсінуде. Ақиқаты, егемендіктің айғақ белгісіне

елтаңба, ту, əнұранмен бірге, күнделікті тірлік мазмұны жазу да

енбек. Яғни, жазу – тек əріптер жиынтығы емес. Ғылым тілінде,

жазу əліпби, таңба, ереже-емлелерден құралмақ. Əліпби – тілдің

дыбыс құрамы, таңба – дыбыстың қауызы, ал емле-ереже – əліпби

мен таңбаның ұлттық дəнекері. Қысқасы, əліпбиі, таңбасы мен

емле-ережесі үйлескен жазу – тіл егемендігінің кепілі. Тіпті, əліпби

ауыстыруды айтпағанның өзінде, қазақ жазуын бір екшеп, саралап

алар мезгіл жеткендей. Демек, бұл бағыттағы шараны тек əліпби

ауыстыру ісі деп қарамай, кең тұрғыдан жазу реформасына

ұластыру орынды болмақ.

Шынтуайтында, қазақ жазуының тарихы қазақ зиялылары

үшін «əліпби айтысының» тарихы да. Оған дəлел, қазақ

білімпаздарының 1924 жылғы Орынборда өткен тұңғыш

съезінің материалдары. Не болмаса, Ахмет Байтұрсынұлының

жазуынан латынға, латыннан кирилге көшкеніміз тарихтан белгілі.

Кирилге жарлықпен бір-ақ күнде көшкеніміз де мəлім (Түрік

Республикасының да өз кезінде түрік латын əліпбиіне жарлықпен

бір-ақ күнде өткені де белгілі).

Қазіргі «əліпби айтысының» да ауқымы кең болары байқалды.

Бұған да Елбасымыз тұқ етерін айтып, нүктесін қоя білді.

Университет студенттерімен, əріптестерімізбен, қалың көпшілікпен

латын қаріпіне көшу жөніндегі ой-пікір алмасқанымызда

алдымыздан сандаған сауалдар бас көтереді. Тұнған сұрақ,

жатқан уайым, түсінбестік ... Мүмкін, жастарға түсіндіру,

білгенімізді айту аға буын өкілдерінің міндеті де болар. Ал аға

буын түсінгісі келмесе ше ?.. Осы бағыттағы жұртшылықтың, жас

атаулының бірқатар ой - сауалдарына ғылыми талдамаларға,

баспасөз материалдарына сүйене отырып, бірер пікір қосқанды

жөн көрдік.

Иə, Жаратқан қолдап, еліміз егемендікке қол жеткізді.

Мемлекетіміз ешкімге жалтақтамай тірлік жасайтын дəрежеге

жетті. Енді қоғами- мəдени келешектің қамын ойлау дұрыс. Түсінген

тұлғаға латын əліпбиі арқылы əлеми ақпарат кеңістігіне өту,

жоғары технологияны игеру – елдің тұрмыстық деңгейін көтерудің

ең ұтымды жолы. Демек, Тəуелсіз мемлекетімізді жаһандық

деңгейде дамуына жол ашатын латын əліпбиіне көшудің ғаламат

жағдайы туып отыр. Біз мұны «Қазақстан – 2050» Стратегиясының

басты мақсаттарына қол жеткізудің жəне əлемдегі ең дамыған 30

елдің қатарына кірудің бірден-бір мүмкіндігі деп танимыз.

Мəселенің анығына келсек, қазіргі қазақ тілі жазуында тіл

бұзар емле-ережелер қаптап жүр. Сол себептен де кезінде оны

танымал филолог ғалым ағаларымыздың бірі «өзіме өгей өз тілім»

деп басын ұстаған. Қазір тəуелсіздік алып, қолымыз өз аузымызға

жетті дегеннің өзінде де, мəңгүрт санамызға сіңіп қалған сол

тіл бұзар емле - ережелерден құтылу оңай болмай отыр. Тіпті,

тіл мамандарының арасында да орыс тілінің и, у тəрізді кірме

«жетістіктерінен» айрылғысы келмейтіндер жетіп артылады. Олар

оны қазақ тілінің «даму жетістігі», «жаңа сатыға көтерілген түрі»

ретінде бағалап, қазіргі орыс текті ми, ки, ту, су деген жазуымызды

латын негізінде mi, ki, tu, su деп жазуды ұсынуда. Егер қазақтың

мый, кій, сұу,тұу деген сөздерін қайтадан mi, ki, tu, su деп , қазақ

тілінің түбір, буын, морфем айтылымын бұзып жазатын болсақ,

онда əліпби ауыстырудың еш реті жоқ.

Асылы, түсінген кісіге қазіргі əліпбиімізді «қазақ əліпбиі» деп

атауға мүлдем келмейді. Өйткені ол «қазақ əліпбиі» емес, «қазақ -

орыс əліпбиі», турасын айтсақ, «орыс – қазақ əліпбиі» десек болар.

Əліпбиіміз бір тілдің емес, əлдеқашан қос тілдің əліпбиі ретінде

бекініп алды. Латынға қарсы мамандар қазіргі 42 əріптен, «өлсем

орным қара жер» дегендей, тістеніп алып, айрылғысы келмейді.

Орыс жазуынан айрылса , айдалада қалатындай сезінеді. Түсіне

білсек, ешбір ел əліпби құрамының көптігімен мақтана алмайды.

Əріп санының көп болуы тілдің əліпбиінде бір кемдіктің барлығын

аңғартады. Əріп саны неғұрлым кем болса, нағыз жетілген əліпби

сол болмақ. Бұл ретте бізге ағылшын жазуының тəжірибесін

пайдалану артық етпейді. Оларда аз таңбамен көп дыбысты

белгілеудің ұтымды амалы бар. Емле-ережесінің күрделілігінен

ағылшын жазуы ұтылған жоқ, қайта əлеми ақпараттық кеңістікте

көш басында келеді. Дұрысы, орыс тілінен енген дыбыстарға

арнайы таңба іздеудің қажеті жоқ. Бұл ретте де ағылшын жазуының

тəжірибесі үлгі. Өзіміздегі бар таңбаны пайдаланып, емле-ереже

жолымен өзге тілден енген сөздерді жазу орынды. Демек, латын

əліпбиі арқылы орыс сөздерін қалай жазамыз деп уайымдаудың

жөні жоқ. Ескереріміз, ешбір мемлекетте кірме сөздің жазылуына

орай қосымша таңба ойлап таппай, не де болса өз əліпбиіміздің

құрамынан шығару дұрыс.

Баса ескерер тұстың бірі – тілімізде өзге тілден зорлықпен

енгізілген ережелер қағидаларының да жеткіліктілігі. Бұл –

қазақ сөзінің айтылымын орыс сөзінің айтылымына мейлінше

жақындату амалы. Сонда қазақ сөзінің өз айтылым үлгісі қайда

қалады? Жазу – сол қазақ сөзінің төл айтылым үлгісін сақтаудың

амалы. Бізге ауыр тиетіні – ана тіліміздің тұрқы бұзылып бара

жатқандығы. Орысша тəлім алған орыс тілді ағайындарымыз

орыс жазуы арқылы тілі шыққандықтан, құлағына сіңген

дыбыстардың күллісін қазақ тіліне əкеліп тықпалай беруге

болмайтынын ескеруі тиіс. Бұл ретте Елбасымыздың «біз орыс

тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақ қауымына қалай ендірілгенін

қ ұптамаймыз» дегені мəлім. Демек, əліпби ауыстыруды

белгілі бір елдің тіліне не жазуына қарсылық білдіру ретінде

қабылдамай, қазақ тілінің жазуына реформа жасау тұрғысында

бағалау жөн.

Баршаға мəлімі, тілдің емле-ережесі мектеп оқулығында.

Қ а з а қ с ө з і н і ң а й т ы л ы м ы н о р ы с с ө з і н і ң а й т ы л ы м ы н а

жақындастыру сол мектеп оқушыларынан басталғанын байқамай

келгеніміз бе? Кез келген қазақ тілі оқулығында қазақ тілінің

өзіне тəн дыбыстары ретінде 7-8 əріпті бөле-жара атаймыз.

Сонда қазақтың өзге дыбыстары қайда? Қазақ дыбыстарын

осылайша бөлектеудің өзі шəкірт санасын тұмшалап, есейгенде

мəңгүрттендіреді. Қазақ тілінің 26(28) дыбысының дыбысталуы

өзге тілдің дыбыстарына мүлдем дəлме-дəл ұқсатылмайтыны ,

дыбыстардың өзара тіркесім емле-ережелері мүлдем бөлектігі

санамызға жетпегені ме? Əріптеріміздің таңбалануы бірдей

болғанымен, дыбысталуы бірдей еместігін ұға алмағанымыз

ба? Əрине, жазуымызды орыс жазуына теліп, орыс жазуының

емле-ережесінің мұртын бұзбай егіз қозыдай етіп көшіре берсек,

орысша біз сайрамағанда, кім сайрайды. Демек, əлі де «орыс

тілін үйренуге икемдіміз» деп əсіре мақтанбай, ең алдымен ана

тіліміздің өзіндік колорит табиғатын таниық та.

Демек, жазудың сөздің айтылымына ықпалы ерекшелігіне

бойлай білсек , жазу жүйесін қалыптастыруға аса мəн беру жөн

болар. Себебі жазу ережелері – тілдің ішкі табиғи заңдылықтары

сақталғанда ғана жүйелі. Бұл ретте де ағылшын тілінің ықпалы

өте күштілігін аңғару артық емес. Мəселен, ағылшындардың

өздері де емле-ережесінің (əліпбиінің емес) күрделілігін

мойындайды. Десек те, ағылшын тілінің емле-ережесі өздері

үшін ғана. Ағылшын мұншама емле-ережені өздерінің қырықтан

аса дыбыстарын бар болғаны 26 таңбамен беру үшін үнемді

ескерген. Олар тілінің емле-ережесін өзгертуді мүлдем

ойларына да алмайды. Демек, ағылшын тілінің емле-ережесі

– аз таңбамен көп дыбысты қамтудың ең озық үлгісі. Ағылшын

жазуы өзіндік емле-ережесімен-ақ бүкіл дүние жүзін игеруде.

Олай болса, қай тілдің де ең қиын мəселесі – оның емле-ережесі.

Емле-ереженің оңайы болмайды. Екінші бір тілді үйрене алмау

– сол тілдің емле-ережесін меңгере алмаудан. Осы орайда

айтарымыз, латын əліпбиі мен ағылшын тілінің емле-ережесін

шатыстырмау жөн. Əліпби латындікі болса да, емле-ереже

қазақтың өзінікі. Қазақ жазуы үшін ағылшын тілінің емле

ережесінің еш қажеті жоқ, өйткені қазақ тілінің төл дыбыстары

бар болғаны 26 (28), компьютер түйметақтасындағы 26 латын

таңбалары толық жеткілікті.

Латын əліпбиіне көшудегі қырық уайымның бірі – бұрынғы

орыс жазуы негізіндегі жазба мұраларымыздан айырыламыз,

ертең оларды ешкім оқи алмайды деу. Орыс жазуын салған

жерден тыйып тастайын деп отырған ешкім жоқ. Кирил жазуы

латын жазуымен ондаған жыл қатар жүрмек. Оқулықтар

жыл ретімен бірте-бірте латын жазуына көшірілмек. Əдеби

шығармалар мен ғылыми көпшілік еңбектер де сол ретпен жаңа

жазуға ауыспақ. Бұрынғы жарық көрген шығармаларымызды

бəрібір қайта баспай отыра алмасымыз сөзсіз.

Бұған қоса, бүгінгі таңда келешек ұрпақты көптілділікке

(қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне) баулу мəселесі-заман

талабы, сəйкесінше, мемлекеттік шаралардың бастыларының

сапында. Өркениетті елдердің тəжірибесі де – көптілді ұрпақ

қалыптастыру. Елге келген шетелдіктердің қай-қайсы да ең

аз дегенде 2-3 тіл білетіндігін көріп жүрміз. Олар қазақ тілін

үйренуге ынталы. Бұның басты себебі: батыс елдерінде жақсы

тұрамын, ісім өнімді болсын десең, көп тіл білуің - заңдылық.

Демек, батыс елдерінде көп тіл білу –кəсіби жетістік. Қазіргі

Қазақстан мемлекетінің тіл саясаты да осы арнада өрбуде.

Ал шығыс болмай, кіріс болмайды. Қай шаруа да шығынсыз

бітпесі анық. Жазу ауыстырудың да өз шығыны болары анық.

Кітап басудың, оқулық шығарудың шығынын айтасыз ба?

Латын əліпбиіне өтпегенде кітап баспай, оқулық шығармай құр

отырмас едік.Мамандарды латынға икемдеп, қайта дайындауда

да ақырзаман тудырудың еш жөні жоқ. Мұғалімдер үшін

жұмыс бағыты əлімсақтан қалыптасып қалған мұғалімдердің

білім жетілдіру институттары бар. Ал мектептердің өзі латын

əліпбиін үйретудің ошағына айналады. Мемлекеттік мекемелер

мен жекеменшік кəсіпорындардың өз мүмкіншіліктерін кім

жоққа шығарады. Ақылы-ақысыз тіл үйрететін орталықтар

қаншама. Университетіміз де осы ұлтымыз үшін аса өзекті де

қажетті ұлы іске қазірдің өзінде сақадай-сай əзір. Кім-кімге де

адастырмайтын дұрыс бағыт сілтеуге даярмыз. Біздіңше, латын

əліпбиін үйренуге көп мерзімнің қажеті шамалы. Берісі 3 ай, əрісі

жарты жыл жетіп жатыр.

Қысқасы, латын əліпбиіне көшерімізге еш күмəн жоқ. Уақыт

алмай, білек сыбана іске кіріселік! «Ілгері кеткен жұрттың

қатесін енді ілгерілейін деп тұрған жұрттар істесе, көре тұра

отқа түскендік болып шығады», - деп Сұлтанмахмұт Торайғыров

айтқандай, жақсыдан үйренейік, жаманнан жиренейік, тек ұлттық

келбетімізді жоймалық. Əліпби ауыстыру сынды ұлт ісінде кеңесе

келген шешімнің кемісі болмасын ескерелік.

Абат ҚЫДЫРШАЕВ,

«Махамбет» гуманитарлық зерттеулер

институтының директоры, педагогика

ғылымдарының докторы, профессор, «Өркен», №4, 30 сәуір, 2017 ж.

 

МӘЛІМЕТТЕР ҚОРЫ

Frontpage Slideshow | Copyright © 2006-2012 JoomlaWorks Ltd.

ВИРТУАЛДЫ ТУР

БАЙЛАНЫСТА БОЛ