Тасқалиева Анель

5В020500 – Филология: қазақ тілі мамандығының 4-курс студенті Тасқалиева Анель:

 

2014-2015 оқу жылының І жартыжылдығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқыдым.

 

   

  

Бағдарлама бойынша шақыруды ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» атты республикалық патриоттық фестивалінде жеткен жеңісімнің арқасында алғанымды мақтанышпен айта аламын.

 Алғашқыда өз университетімді, оқытушыларым мен топтағы құрбыларымды қатты сағынып, бір тәтті мұңды бастан кештімм. Әрине, ортаға бейімделіп, достар тауып, бойым үйренгеннен кейін сағыныш сезімі сейіле бастады.

 Бұл қара шаңырақтың тарихы сонау Әуезовтерден бастау алған. Қазақ әдебиеті мен тарихындағы аты жер жарған қазақтың біртуар тұлғалары білім алып, дәріс берген ордада оқуымды жалғастыру мен үшін мәртебе болатын. Басында өзім жатырқаған ұстаздарыммен қимай қоштастым, олар Берікбай Сағындықұлы, Зинол-Ғабден Қабиұлы, Пазыл Қуанбайұлы, Бақытгүл Райханқызы, Күләш Садыққызы, Алтынай Шаулиқызы, Самал Дәрібайұлы.

 Әр сабақ өзінің ерекшелігімен, оқытушының білгірлігімен, білімімен жаулап алды. Пазыл Қуанбайұлы «Қазақ драматургиясы: қалыптасу, даму сатылары» пәнінен дәріс берді. Ол кісінің сабақтарының ерекшелігі – біздер драматургтармен танысып қана қоймай, өзіміз де бір уақытқа актерлердің өмірін бойымызға сіңіріп алғандай болып, Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» қойылымын ойнап шықтық. «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» пәнінен дәріс оқыған Берікбай Сағындықұлын ерекше атап өткім келеді. Ол - тілге, тіл тарихына соншалықты жаны ашитын адам. Жалпы әр сабақтан өзіме жаңа ой, жаңа тыныс алғандаймын.

 Бос уақытымды ұтымды пайдалануға тырысып, «Медеу» мұз айдыны, «Көктөбе», А.Байтұрсынов атындағы мұражай, тіл институты, Журналистер одағы, баспа үйлері, М.Әуезов атындағы жасөспірімдер театры, Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасы сынды жерлерді аралап, рухани байыдым десем болады. 

Есте қаларлық тағы бір жәйт – драматург-жазушы Дулат Исабекпен кездесу. Қазіргі таңда «Мәдениет» журналының бас редакторы қызметін атқарып жүрсе де, жазушылық кәсібін тастамаған. Дулат атамыздың әр сөзі жүректен шығып, жүрекке жетеді. Сондай шынайы! Осындай тұлғалармен кездесу бойыңа қайрат беріп, болашаққа жетелейді, қанат бітіреді.

 Әр күнім мағыналы, мәнді өткен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне ризамын. Естен кетпес кездесулер мен жан азығын сыйлаған білім ордасына қалай өкпелерсің?!

 Оқудан алған әсерлеріммен бөлісе отырып, университет студенттерін ұтқырлық бойынша қазақстандық, шетелдік оқу орындарына білім алуға шақырамын!

 

 

БАЗЫ ДАННЫХ

Frontpage Slideshow | Copyright © 2006-2012 JoomlaWorks Ltd.

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

БУДЬ НА СВЯЗИ