Утаубаева Алма Уахитовна

“Джордж Вашингтон университетінде өтілген тағылымдама”

Қазақстан Республикасы Үкіметінің білім беру сапасын, ғылымның бәсекеге қабілеттілігін айқындау жайында озық әлемдік тәжірибені Еліміздің жағдайына бейімдеу, тасымалдау қарқыны - осы салада еңбек ететін оқытушы-ғылыми қызметкерлерге үлкен серпін береді. Осындай серпілістерді жүзеге асыруда Қазақстан Республикасы Президентінің “Болашақ” халықаралық стипендиясының маңызы зор.

Үкіметтің үздіксіз қолдауы нәтижесінде, ғалым, мамандардың шетелдің беделді орталықтарында білім алып, тәжірибе жинақтап, сол орталықтармен серіктестік орнатуы-қарқынды түрде ғылымды дамытып, әлемдік  деңгейдегі бәсекеге қабілетті ғылыми зерттеу жүргізіп, сапалы жұмыс жасауға кепіл болады. 

utaubaeva 5 utaubaeva 4

Мен ғылыми тағылымдама жоспарымды жүзеге асыруда Америка Құрама Штаттарының Джордж Вашингтон университетін таңдадым. Бірнеше ғасыр тарихы бар бұл университет заманауи білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы түрде жүргізуде. 

Джордж Вашингтон Университетінің Халықаралық қатынастар Эллиот Мектебіне қарасты Еуропа, Ресей, Еуразияға білім беруге арналған Институтының Орталық Азия бағдарламасы аясында 2016 жылдың 1-ші сәуірі мен 30-шы қыркүйегі аралығында “Педагогика және Психология” мамандығы бойынша тағылымдамадан өттім.

Джордж Вашингтон Университеті педагогика мен психология ғылымдарының салаларын дамытудағы әлемдегі кең танымал университеттердің бірі. Бұл университет педагогика және психология ғылымдарын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы ілгері жылжып, студенттер мен оқытушыларға үздік білім беруде.

„Болашақ” Халықаралық бағдарламасы бойынша байқаудан өтіп, университетке шақырту алған тағылымдамаға қатысушыларға Джордж Вашингтон университеті мынадай бағдарламалар ұсынады: Америка Құрама Штаттарының Білім беру жүйесі; педагогикадағы жаңа бағыттар, классикалық және новаторлық психология, оқу үрдісінің денсаулығы және биологиясы; білім берудегі мультикультурализм; білім беру саласының менеджмент жүйесі; педагогикалық психология, т.б.

Тағылымдамаға арналған мерзім барысында ғылыми жетекшім, Орталық Азия Бағдарламасының директоры, профессор Marlene Laruelle, ғылыми кеңес беруші профессорлар: Patricia Dinnean, Tara Scully, Myeong - Ho Sohn, Hartmut Doebel, Patricia Huffman, Scott Morgan, Stephen Dopkins, Ligia Benavides және т.б. педагогика, психология және биология салаларындағы маман профессорлармен жеке кездесулер, дәрістер, сарамандық және зертханалық жұмыстар, кеңестер, т.б. алынды.

Практикалық-бағытталған білім беру саласындағы үздік американдық тәжірибені зерттеу мақсатында Колумбия Округінің  Мемлекеттік мектептері (School Without Walls Senior High School), Вирджиния Штатының мектептері; Джордж Вашингтон Университетінің Мәдениет және Ғылым Колумбиялық Колледжі мен Биология ғылымдарының мамандықтары таңдалынды.

Джордж Вашингтон Университеті (The George Washington University, GW, GWU) Америка Құрама Штаттарының Колумбия Округіндегі, Вашингтон қаласындағы жоғары оқу орны, жеке зерттеу университеті. Америка Құрама Штаттарының тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның ұсынысымен АҚШ Сенатының шешімінің нәтижесінде 1821 жылы 9-шы ақпанында бұл университеттің іргесі қаланған болатын. Алғашында Колумбия Округінде колумбиялық колледж болып ашылған бұл оқу орны, 1904 жылы Вашингтонның құрметіне, Джордж Вашингтон Университеті деп аты өзгертілді. 

Университеттің студенттер саны қазіргі таңда 26212 (бакалавр 10900, магистрант, докторанттар -14843; басқалары -469), профессор-оқытушылар құрамы -2663 адам. Джордж Вашингтон Университетінің құрамына 3 кампус енеді: Foggy Bottom, Mount Vernon және Virginia Science & Technology (in Londoun County, Virginia). Джордж Вашингтон Университетінің он колледждері мен мектептері бар: Мәдениет және Ғылым Колумбиялық колледжі; Бизнес Мектебі; Халықаралық қатынастар Эллиот Мектебі; Қоғамдық Денсаулық Сақтаудың Милкен Институтының Мектебі; Кәсіби-зерттеу Мектебі; Инженерия және Қолданбалы-Ғылым Мектебі; Медицина және Денсаулық Ғылымдары Мектебі; Заң Мектебі; Медбикелер Мектебі және Адам ресурстарын дамыту мен білім берудің Жоғары Мектебі.

Университеттің символы - көк және сұрғылт-сары түс; спорттық командаларын, бұрынғы және қазіргі студенттерін Colonials деп атайды. Университеттің 7 қабатты Гельман Кітапханасының қорында екі миллионнан астам кітап бар, кітапхана 24 сағат бойына жұмыс жасайды. 

Джордж Вашингтон Университеті қамқоршылар кеңесі, президент, проректор, вице-президент, декан және кафедра меңгерушілерімен басқарылады. Университетте 6000-нан астам оқытушылар, әкімшілік және көмекші қызметкерлер еңбек етеді. Университетте АҚШ-тың 50-штаты мен әлемнің 120 елдерінен келген студенттер білім алуда. 

Қазақстан Республикасы Президентінің „Болашақ” Халықаралық стипендиясы бойынша ғылыми тағылымдамадан өту - менің ғылыми-зерттеу танымымды кеңейтіп, Американдық ғалым және ғылыми орталықтармен серіктестік орнатуға көмектесті. Өз ісінің шебері болу үшін менің ойымша, өз мамандығына жоғары құрмет, ол мамандықтың қоғамды алға жетелейтініне сенімділік, отан сүйгіштік, жоғары интеллектуалдылық қасиеттері болуы шарт деп білемін.

Алдыма қойған айқын жоспарларымды жүзеге асыруда „Болашақ” халықаралық бағдарламасының ерекше маңыздылығын айта келе, жинаған тәжірибемнің Өмір туралы ғылым саласы, университет, қоғам дамуына көмегі тиетініне толық сенімділік білдіргім келеді.

Ең биік ұлттық мәртебеге ие халқымыздың бостандығы мен бірлігін айқындайтын -Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Мейрамын барша Қазақстан  халқы салтанатты түрде атап өтуде. Бұл мереке әрқайсымыз үшін айрықша асқақ, әрі ардақты. Жас мемлекетіміздің құрылған алғашқы жылдарымен үзеңгілес, осыдан 23 жыл бұрын Ұлт Көшбасшысының бастамасымен құрылған „Болашақ” Халықаралық Стипендиясы білім саласындағы ең алғашқы жобалардың бірі бола отырып, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және нығайту ісінің қолданыстағы тетігіне айналды. Еліміздің халықаралық бет-бейнесінің қалыптасуына бұл бағдарламаның қосқан үлестері зор. 23 жыл барысында „Болашақ” бағдарламасы елімізге экономиканың басты салалары бойынша тоғыз мыңнан астам жоғары сапалы мамандар даярлады. Бұл халықаралық білім беру жобасы ҚР экономикасында әлі де өзекті болып отыр, әсіресе жас қазақстандықтар арасында кең танымал.

„Болашақ” Халықаралық Бағдарламасының түлегі ретінде, осы байқауға ғылыми тағылымдама бойынша қатысу барысында жолдама беріп, қолдау көрсеткен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, п.ғ.д., академик А.С.Иманғалиевке, университет әкімшілігіне және әріптестеріме шексіз алғысымды білдіремін.

Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңізге табыс, бастамаларыңызға сәттіліктер тілеймін.

 

 

 

 

БАЗЫ ДАННЫХ

Frontpage Slideshow | Copyright © 2006-2012 JoomlaWorks Ltd.

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

БУДЬ НА СВЯЗИ