Жұмабаева Ақсана

Қазақ филологиясы кафедрасының 3-курс студенті

Элистада оқып жүр, талай қазақ баласы...

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы - М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың дамуының негізгі басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда университет жақын және алыс шетелдегі 50-ден астам ЖОО-мен байланыс жасайды. 

Негізгі мақсат - еуропалық қазіргі заманғы үлгілерді ескере отырып, педагогикалық білім берудің ұлттық жүйесіндегі негізгі бағыттарын айқындай түсу. Елбасының Жолдауына сәйкес, білім беру жүйесін жаңғырту, атап айтқанда, қазіргі заманғы әдістеме мен технологияларды енгізу, педагогтардың сапалық деңгейін көтеру. 

Осы мақсатта академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында әр мамандықтан 10 студент Қалмақ автономиялық республикасының астанасы Элиста қаласында орналасқан Ресей Федерациясының үздік ондығына енетін, 45 жылдық тарихы бар, Ресейдің үздік жоғары оқу орындарының ондығына кіретін Б.Б.Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университетінде білім алып қайттық. 

Университет 7 факультеттен, қалмақ филологиясы және шығыстану институтынан тұрады. Бұл жоғары кәсіби білімнің 22 мамандығында оқуды,  бакалавриаттың 20,  13 магистратура мамандығын, 18 арнайы орта қосымша білімнің бағдарламалар санын қамтамасыз етеді. Университетте 7 академиялық ғимарат, ғылыми-тәжірибелік бөлім, сараман бөлімі, шағын ферма, ботаникалық бақ, жаңа ақпараттық технологиялық орталық, мәдени-тынығу орталығы, мәдениет үйі, спорт кешені, 6 бөлімнен, 7 оқу залынан тұратын ғылыми кітапхана, 13000 студентті қамтып отырған 8 жатақхана бар. 

Мұнда жаһанның жауһар білімін жинауға мұхит асып келген  38-ден астам ұлт өкілі тұрақты түрде білім алуда. Солардың бірі қазақ жастары. Қазақстандық студенттер саны – 48. 

2006 жылдан бері шетел студенттері үшін орыс тілін шетел тілі ретінде І-ІІ деңгейде сертификаттау бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, «АИС», «Ученик» студенттерден құрылған қоғамдық бірлестіктер жұмыс жасауда және «Жерлестер» деген атаумен қалмақ еліндегі қазақ студенттерінің бірлестігі де университет игілі үшін қызметтер атқаруда.

Бұл университете көптеген шаралар өтіп тұрады. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, біз қос бірдей мерекенің куәсі болдық. Бірі – Б.Б.Городовиков атындағы Қалмақ мелекеттік университетіне 45 жыл толу мерейтойы болса, екіншісі – Халықаралық Форум. 

Алдымен Қалмақ және шығыс филологиясы факультетінің қалмақ әдебиеті және журналистика кафедрасының ұйымдастыруымен керемет кеш өтті. Мұнда қалмақ тілінің шығу төркіні, қалыптасуы, қазіргі деңгейі туралы мол мағлұмат алдық. Қалмақ тілін қазіргі таңда үлкендер, аға буын өкілдері ғана біледі, ал жастар жағы (басым көпшілігі) бұл тілде сөйлей де, жаза да алмайды екен. Дәл осы уақытта егеменді елімнің тіліп түсер темірдей тегеурінді, саф алтындай таза, дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақ ана тілінің барына, оның азаттығына және өз тілімізде еркін сөйлей алатындығымызға ішімнен «тәубе!» дедім...

Тағы бір мерейлі мереке - Халықаралық Форум. Форумда әр ұлт өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, форумға келген қонақтарға тағамдарынан дәм татқызды. Бұл форумға келген қонақтар қатарынан қара шаңырақ М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дан ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, п.ғ.д., Ғ.И. Имашев пен мәдениет және өнер факультетінің деканы М.И.Исатайұлын кездестіріп, бір марқайып қалдық. Одан әрі салтанатты кешке ұласты. Форумда әрі қарай тәжік, түрік, ұйғыр, қырғыз, қалмақ сынды ұлт өкілдері ұлттық билерін мың бұрала билесе, қытай, моңғол, үнді, қазақ халқының қыз-жігіттері тамылжыта әндерін шырқады. «Бәрін айтта, бірін айт...» Қазақстан атынан Б.Б.Городовиков атындағы ҚалмМУ-дың студенті Нұрсұлтан Аймұқашев шығып, қазақи рух пен жігерге толы әнін шырқағанда көрермендер қосыла айтып, тіпті өзге ұлт өкілдері сөзіне түсінбесе де ән ырғағына қосылып, тербеле би биледі. Ал нағыз қазағымыз шыққанда көрермен қатарында отырған біздің "төбеміз көкке бір елі жетпей қалды" десем артық айтқаным болмас. Тіпті қазақтың сол сахнаны мойындатқаны соншалық бәрі орнынан тұрып, қошеметтерін аямай, залды жаңғыртып әкеткен қол шапалақтарымен алаш жұртына деген ризашылықтарын айтпай-ақ ұқтырды.

Әр ел көк байрағын желбірете сахнаға көтерілген уақытта көк аспанмен тілдескен, қанатын еркін қаққан қыран құсты көріп, елдігіміз, тәуелсіздігіміз, азаматтығымыз арқасында қияға еркін самғап бара жатқан қазақ халқын, қазақ жастарын көз алдыма елестеттім. Қуаныштан көзіме еріксіз жас та үйірілді...

Халықаралық студенттер күнін де керемет тойлап бізге жақсы әсер қалдырғанын тілге тиек ете кеткім келеді.

Мен қалмақ елінде болып білім алғаныма еш өкінбеймін. Тіпті алған әсерімді де жасыра алмаймын. Бастапқыда сабақ уақытының 90 минут екендігін, тіпті біз оқыған қалмақ филологиясы факультетінде сабақ маңғол тілінде жүргізілетіндігін естігенде таңсық дүние болғаны рас. Әйтсе де сол уақыттарды, жатақханадағы қызықты шақтарды, бәрін, бәрін сағынышпен еске аламын. Осындай тұрмысы қарапайым, халқы да мамыражай қалмақ елінде болғанымызға өте қуаныштымын.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге шетелде білім алуға толық мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өзге елдің тілін, мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйренеміз. Мұнда өзге ұлт өкілдерінен көптеген достар таптық, үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп болды. Осындай мүмкіншілікке ие болып бір ай жарым көлемінде шет елде жүріп білім алуымызға себепші болған М.Өтемісов атындағы БҚМУ ұйымына алғысым шексіз. Мәңгілік елдің мәңгілік ұрпағы ретінде аз да болса шетелде жүріп жинақтаған тәжірибиемді алға қарай жетілдіріп, елімнің болашағы бағдарлы, келешегі кемел болуы жолында талмай еңбектенемін деп уәде беремін. 

Шетел асып, білім алып жүрген қазақ жастарына айтарым, «мемлекет жанамын деген жүрекке от беріп тұрған» уақытта, жеті жұрттың тілін біліп, жеті түрлі білім білуге талпынатын, қазақ атын биікке көтеретін мәңгілік елдің мәңгілік ұрпағы болайық!

БАЗЫ ДАННЫХ

Frontpage Slideshow | Copyright © 2006-2012 JoomlaWorks Ltd.

ВИРТУАЛЬНЫЙ ТУР

БУДЬ НА СВЯЗИ